Биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы. Айтулы шараға орай, Қазығұрттағы Тұрбат елдімекенінде «Достық дастарханы» атты палау фестивалі өтті. Астана қаласының 20 жылдығы мен киелі Қазығұрт ауданының 90 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған байқауға өзбек этно- мәдени орталығы мұрындық болды. Сайысқа Сайрам және Қазығұрт ауданының аспаздарымен қатар, көрші Өзбекстан елінің палау шеберлері де қатысты. Бұл туралы On’tu’stik телеарнасына сілтеме жасаған Adym.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Фестивальге 90 килограмм күріштен 20 қазан палау дайындалды. Бәсі жоғары байқауға Ташкент шаһарынан жазушы, ақын, мәдениет майталмандары қонақ ретінде шақыртылды. Оларға қазақы салт-дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетілді. Ұлтаралық татулық – тұрақтылық тірегі деп білген өзбек ағайындар шараға ерекше ықылас танытты.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық облысымызға оң өзгерістер әкеледі. Ташкент-Шымкент бағытындағы жолаушылар көлігінде қиындықтар тумайды. Екі ел арасында қарым-қатынас беки түсуде.
Айтулы шара жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Шара қонақтары бауырлас мемлекетпен бірлескен концерттік бағдарламаны тамашалап, тарқасты.