Жетісай ауданында Қызылқұм ауылының 70 жылдық мерейтойы аталып өтті

68

Бүгін Жетісай ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Қызылқұм ауылдық округінің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік шара округке кіреберістегі «Шаңырақ» монументінің ашылуымен бастау алды. Еңселі монументтің ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Исаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Жүнісов, профессор Б.Серіков сынды азаматтар қатысты.
Мұнан соң аудан әкімі бастаған топ Қызылқұм ауылындағы жазушы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Мырзагелді Кемел 5 мың дана кітабын тарту еткен ауылдық кітапхананың жұмысымен танысты.
Бүгінде Қызылқұм ауылдық округі Жетісай ауданындағы аумағы, халқы жағынан ең ірі ауылдық округтерінің бірі саналады. Округтің шығысында Абай ауылдық округі, солтүстігінде Шардара су қоймасы, батысында Өзбекстан Республикасы, оңтүстігінде Мақталы ауылдық округі орналасқан. Бүгінде мұндағы 17 елдімекенде халық саны 11225-ке жетіп отыр. Жергілікті тұрғындардың негізгі күнкөрісі егін мен мал шаруашылығы.
Мерекелік шарада сөз алған Жетісай ауданының әкімі Қызылқұм ауылының терең тарихына тоқталып, жиналғандарды арнайы құттықтады.
Іргетасы 1928 жылы қаланған Қызылқұм алғашында аудан болып құрылып, 1956 жылдары Киров ауданына қосылып, егістік пен мал шаруашылығына ден қойды. Содан бері талай кезеңдерді бастан кешке округте бүгінде 17 елдімекен, 5 білім беру, 1 дәрігерлік емхана, 6 балабақша жұмыс істейді.Сондай-ақ, округте 808 шаруа қожалығының иелегінде 7151 гектар егістік жер бар.
Мерекелік шара барысында қол күресі, қазақ күресі, футбол, кір тасын көтеру секілді спорттық жарыстар ұйымдастырылды. 70 жылдық шараға осы ауылдан түлеп ұшқан талай беделді азаматтар арнайы шақырту алыпты. Мерейтой соңы концерттік бағдарламаға ұласты.