Шардаралық спортшылар аудан орталығынан «Чемпиондар аллеясын» ашып, ортасына қол күресшілердің ескерткішін орнатты, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі 24.KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Себебі, ауданда армспорт түрі жақсы дамыған. Халықаралық додаларда ел намысын қорғап жүрген жігіттер туған жерді түлетуді де естен шығармаған. Бұрын бос жатқан алаңды қоршап, 250 түп ағаш отырғызды. Бұл – қол күресінен қазақ елінің даңқын шығарған Шардарадағы облыстық армспорт мектебі. Бүгінде Шардара мен қол күресі сөз болса, міндетті түрде Арман Қарсыбаевтың есімі қатар аталады. Құрыш білекті жігіт 2000 жылдары аудандағы өзі құралпы жастарды жиып, армспорт мектебінің негізін қалаған. Талай биік белестерді бағындарған намысты жігіт демеушілердің көмегімен үлкен мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеп жатыр.
«Өзімізге жеке қол күресі залы салынған. Алдында кішкентай залда жаттығатын едік, қазір үлкен залда жаттығамыз. Қазіргі таңда 700-800-ге тарта жасөспірім спортшы дайындалып жатыр. Қазан айында Түркияның Анталия қаласында әлем чемпионатына дайындалу үстінде. Құдай қаласа, әлем чемпиондары бұдан да көбейеді деген сенімдеміз», дейді Түркістан облыстық №4 спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Нұржан Тұрақұлов.
Қол күресінен әлем чемпионы шардаралық Қыдырғали Дүйсенбекұлын бүкіл дүниежүзі таниды. Ол – 2015 жылы Кореяның Сеул қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. Сол жерде Оңтүстік Кореяның ұттық турниріне де қатысып, демалмастан кореялық 37 спортшыны жеңген видеосы әлемді шарлап кеткен болатын. Танымалдылығы бір күнде артқан Қыдырғали бұның барлығын еңбектің жемісі дейді.