Арыста баспана мәселесі оң шешімін тауып келеді

Тұрғындарды тұрғынүймен қамту жолында да Арыс қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алдағы 2 жылда бұл аймақта 600 пәтер беру жоспарланған, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі shymkenttv.kz сайтына сілтеме жасап.
Арыс қаласының солтүстік шығыс бағытындағы Көктем-2 мөлтекауданы бүгінде құрылыс алаңына айналған. Мұнда әрқайсысы 36 пәтерлі 6 үй салынуда. Бұл үйдің әрқайсысының жобалық құны 277 млн теңге шамасында. Мердігерлер үйдің сапалы салынуына 5 жыл кепілдік береді. Сонымен қатар, өз уақытында тапсыруға күш салуда.
Мұнда тұратын тұрғындар үшін барлық жағдай жасалады. Ойын және спорт алаңқайлары қоса салынуда. Арыс қаласының аумағында тұрғын үй кезегінде 1388 азамат бар. Олардың дені асыраушысынан айрылған, көпбалалы отбасылар. Сондықтан бұл мәселені жеделдетіп шешу үшін ауқымды шаралар жүзеге асып жатыр. Әлеуметтік аз қамтылғандардан бөлек сұранысы жоғары маман иелерін де баспанамен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.
Себебі Арыс қаласының аумағында соңғы 30 жыл төңірегінде әлеуметтік пәтерлер берілмеген. Ауыл аймақтарға да көңіл бөлінуде. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарға 10 және 20 пәтерлі 4 үй салынып жатыр. Арыс қаласының тұрғындар саны күн санап артып келеді. Сондықтан баспана кезегі көбеймесе азаймайтын анық. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, таяу арадағы 2 жылда кезектегі азаматтардың тең жартысы қоныс тойын тойлайды,-деп күтілуде. Бұл мақсатқа айтарлықтай қомақты қаржы бөлінген.