Түркістан облысында 321 мұғалім директорға «жолықпай» жұмысқа тұрды

Бүгінде 53031 оқушы электронды түрде 1-сыныпқа қабылданған. Ең маңыздысы 902 білім ұясында jumys.sitсen.kz жүйесі енгізіліп, 2718 өтініш келіп түскен. Жүйе қызметі арқылы 321 мұғалім жұмысқа қабылданды.

447

Adym.kz. Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіле түсті. Әсіресе, соңғы жылдары жиі сынға ұшыраған білім саласында нақты жұмыстар қолға алына бастады. Бұл туралы бүгін Түркістан облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау туралы мәжілісінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Садықова мәлімдеді.
Оның мәлімдеуінше, өңірде коррупцияның алдын алу үшін басқарма тарапынан бірқатар қызметтерді цифрландыру шаралары қолға алынып жатыр. Бұрын баланы балабақша мен мектепке берудің өзі бір машақат болса, қазір бұл мәселелер жеңілдей түсті. Басқарма тарапынан мектепке дейінгі білім беру ұяларына жолдама беру және кезекке қою автоматтандырылып, 12 мыңнан астам бала балабақшаға орналасқан. Өтініштер электронды түрде қабылдануда. 902 орта мектеп, яғни өңірдегі мектептердің 100 пайызы mektep.sitcen.kz жүйесіне қосылып, оқушылар осы арқылы мектепке қабылданып жатыр.
Бүгінде 53031 оқушы электронды түрде 1-сыныпқа қабылданған. Ең маңыздысы 902 білім ұясында jumys.sitсen.kz жүйесі енгізіліп, 2718 өтініш келіп түскен. Жүйе қызметі арқылы 321 мұғалім жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда жүйеде 652 бос жұмыс орны туралы мәлімет тұр. Енді ұстаз болу үшін бұрынғыдай директорға жолығудың қажеті жоқ. Арнайы өтініш жолдап, білімін дәлелдесе жетіп жатыр.
Ал, техникалық қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды мектеп директорының құзіретінен алып тастап, аутсорсингке өткізу ұсынысы қарастырылып жатыр. Биыл 8 ай көлемінде облыста 170 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелсе, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың 25 мемлекеттік қызметкері сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыпталған.
Дегенмен, соңғы 3 жылда жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық фактілері төмендеп келеді. Мәселен, 2016 жылы 44 оқиға тіркелсе, 2017 жылы 40 оқиға тіркелген. Жиында жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар да талқыланып, сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның жұмысын күшейту керектігі айтылды.
Облыс әкімі Ж.Түймебаев басқарма басшыларының есебін тыңдап, елге шынайы отаншылдық сезіммен адал қызмет ету керектігін айтып, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөнінде тапсырма берді.

«Адым» — ақпарат