Түркістандықтар өз өнімдерін астаналықтарға арзан бағада ұсынды

52

Түркістан облысының тауарөндірушілері демалыс күндері Елордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі күндік шара Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне арналды. Онда жалпы құны 201,0 млн. теңгені құрайтын 496 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, 80 тонна ет және ет өнімдері, 141 тонна көкөніс, 28 тонна сүт өнімдері, 90 тонна бақша өнімдері, 53 тонна жеміс-жидек, 26 тонна картоп, 10 мың дана жұмыртқа, 5 тонна балық, 4 тонна бал, 10 тонна кептірілген жеміс, 14 тонна түрлі консервілер және 45 тонна басқа да өнімдер базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағада саудаланды.
Арзандатылған бағада азық-түлік сатып алған астаналықтар жәрмеңке ұйымдастырушылары мен оңтүстік өңірінің шаруаларына алғыстарын білдірді. Шара барысында Елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Түркістандық шаруалар Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында осымен 4-ші рет жәрмеңке өткізіп отыр. Осы аралықта Елордаға 14 753 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрін жөнелтілді. Жәрмеңкені өткізуге түркістандық 35 ірі және қосалқы шаруа қожалықтары мен кәсіпорындары атсалысқан. Айта кетейік, биыл түркістандық шаруалар 500 мың тоннаға жуық өнімді Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспорттаса, 1 млн. тонна тауар еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді.
Облыста тамшылатып суғару әдісі жаңадан 6 406 гектарға ендіріліп, жалпы аумағы 64,4 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ, 126,2 гектар жылыжай салынып, жалпы көлемі 1285,4 гектарға артқан.
Ауыл шаруашылығында негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі 9,1 млрд.теңгені құрады. Осының нәтижесінде 8 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 249 056 млн. теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға артқанын көрсетеді.