Түлкібас ауданындағы шаруалар бұрын теңіздің ащы суында ғана өсетін бекірені тау бөктеріндегі бұлақ суына бейімдеген. Бүгінде мұнда бекіре, форель, ақ амур, карповый, сазан балықтары бар, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.
Осыдан 5 жыл бұрын Индустриалды карта аясында ашылған кәсіпорын бүгінде қанатын кеңге жайып отыр. Қазір мұнда жылына 40 тонна балық еті мен 30 келіден аса уылдырық өндіріледі. Жалпы кәсіпорын толық қуаттылығына көшкенде 60 тонна бекіре мен 40 тонна фарель өсіруге қауқарлы. Өндіріс цехтарында 8 дөңгелек, 7 төрт бұрышты бассейндер орнатылған.
Теңіз балығының көбеюіне барынша жағдай жасаған шаруашылықта суды тазалау, жем салу жұмыстарының барлығы автоматтандырылған. Жоба құны 452 млн теңге. Болашақта мұндағы балық санын көбейтіп, цехтардың қуаттылығын арттыру көзделуде.
Андрей Вадимовский, балық кәсіпорнының бас маманы:
— Қазіргі таңда балық және балық өнімдерін ел аумағында ғана сатып жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, Астана, Алматы, Қызылорда, Тараз қалаларына жібереміз. Форель балығын демалыс орындарына, мейрамханалар мен дүкендерге өткіземіз. Болашақта өнімдерімізді экспортқа шығарсақ деген жоспарымыз бар.