Түркістанда үйлер құрылысына жергілікті өнім қолданылады

78

Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізіліп жатқаны жайында айтылған болатын. Салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысына жергілікті кәсіпорындар шығаратын өнім қолданылады, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат ақпарат агенттігі 24.KZ арнасына сілтеме жасап.
Мәселен, біз қазір индустриалды аймақтағы кірпіш шығаратын кәсіпорында тұрмыз. Зауыт 2015 жылы іске қосылған. Аумағы 3 гектар жерді құрайды. Қазір мұнда 35 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар биылғы жылдың 5 айында 9 млн теңгенің 50 мың дана кірпішін өндірген. Кәсіпорынның жобалық құны – 120 млн теңге.
Жалпы қуаттылығы жылына 10 млн дана күйдірілген кірпіш шығаруға қауқарлы.
Болат Қыдыралиев, кəсіпорын басшысының орынбасары:
– Түркістандағы индустриалды аймақта құрылысқа қажетті өнім шығаратын бірнеше зауыт жұмыс істейді. Соның бірі – темір бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорын. Жақында ғана іске қосылған зауытта бетонның бірнеше түрін шығарады. Атап айтқанда, тұрғын үйге қажетті бетон жабындылары мен есік-терезе белдемшелерін сұранысқа сай құйып береді. Қуантарлығы шикізаттың барлығы жергілікті жерде өндіріледі. Мәселен, цемент пен арматура Шымкенттен жеткізілсе, қиыршық таспен қалған өнім қала маңынан тасымалданады. Қазір кәсіпорында 40-тан астам адам жұмыс істейді. Олар тәулігіне 200 шаршы метр бетон жабындысын құяды.
Бұдан басқа индустриалды аймақта жиһаз шығаратын зауыт жұмыс істейді. Мұнда жиһаздың 200-ге жуық түрі шығарылады. Дайын өнім еліміздің барлық өңірлерімен қатар, Ресейге экспортталады. Болашақта жиһаз өнімдерін әлемдік нарыққа шығару жоспарланып отыр. Соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталған кәсіпорында 100-ден аса адам еңбек етеді. Айта кетейік, қазір индустриалды аймақта 6 кәсіпорын жұмыс істейді. Түркістан болашақта өндірісі өркендеген өңірге айналмақ. Сол үшін қаладағы 40 гектар жерге орналасқан индустриалды аймақ аумағын 7 есе ұлғайту көзделіп отыр.