Бүгін 1 қазан – Халықаралық қарттар күні меркесіне орай Жетісай ауданәкімдігі мен жеке кәсіпкер Мұрат Байтелиевтің демеушілігімен «Алтын шаңырақ» мейрамханасында салтанатты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында 150 қарияға арналып дастархан жайылып, құран оқытылып, ас берілді. Жиында сөз алған аудан әкімі Жамантай Қанайұлы қарияларды төл мерекелерімен құттықтап, бірқатар азаматқа алғыс хат табыс етті.
Бүгінгі мерекелік дастарханға іріленген Мақтарал ауданында абыройлы еңбек етіп, ерекше қажыр –қайратымен көзге түскен ақсақалдар жиналды. Аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері мерекелік концерт ұйымдастырып, әсем әнмен қариялардың көңіл күйін көтерді. Шара соңында ақсақалдарға кәсіпкер атынан сый-сияпат көрсетілді.
«Қазіргі таңда біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептеймін. 1 қазан күні саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға- апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына, үлгі, өнеге», – деді Жамантай Қанайұлы.