Нұрсұлтан Назарбаев Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіне барды

Қазақстан Президенті «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін аралап көрді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныстырылды.
Жоспарға сәйкес, танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасау көзделген. Осыған орай, әрбір турист музей аумағында орналасқан тарихи және айтулы орындарды аралап көре алады.
Бірінші кезекте Түркістанның ежелгі қоныстарының бірі – Күлтөбе қаласы қайта жаңғыртылатын болады. Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары мен резиденциялары ортағасырлық мешітімен бірге және басқа да бірқатар нысан толық қайта қалпына келтіріледі.
Даму жоспарын ұсыну барысында біз өзіміз жасаған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бірегей 3D-турды көрсеттік. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, Қазақстандағы 12 қасиетті нысандарды цифрладық (Арыстанбаб, Қорқыт Ата мемориалдық кешені, Бекет Ата, Мәшһүр Жүсіп мавзолейі, т.б.). Бұл тур туристке әлемнің кез келген жерінен Түркістанға келмей-ақ қазақ мәдени әлеміне кіруге, қасиетті жерлерді көзбен көргендей әсерленуге мүмкіндік береді.
«Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау туралы Конвенцияда көрсетілген ЮНЕСКО талаптарына сәйкес, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің 88,7 га құрайтын буферлі қорғау аймағында тұрақты құрылыс салуға тыйым салынған.
Бұл жерде танымдық, білім беретін және рухани туризм Орталығын құру ұсынылады. Ол өте ыңғайлы және қолжетімді инфрақұрылымы болуы тиіс. Кез-келген адам сол аумақта орналасқан барлық қастерлі орындарды тамашалай алғаны жөн.
Ең алдымен кесенеден 700 метр қашықтықта тұрған Түркістан елді мекенінің ең ежелгі қалашығы — Күлтөбе қайта қалпына келтірілетін болады», деді Мәдениет және спорт министрі.