Шымкент қаласы мəслихатының кезектен тыс XXXVII сессиясында қаланың дамуына үлкен серпін беретін мәселелер қаралды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
-Енді «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының жұмысы жолға қойылады. Сонымен қатар, қалада талай жылдан бері өзекті болып отырған маршруттардың мәселесі оң шешімін табады, – деді Ғабидолла Рахматоллұлы.
– Қала мәслихатының шешіміне сәйкес енді шеткі елдімекендерден орталыққа қатынайтын әлеуметтік маршруттар субсидия есебінен қаржыландырылады. Биыл қалаға 300 автобус алу туралы келісім жасадық. Ал келесі жылы тағы 700 автобус алуға қала мәслихатының шешімімен қол жеткіздік.
Қала әкімінің айтуынша, қазіргі таңда қалада жүрген 1000 автобусқа тағы жаңа 1000 автобус қосылады. Таяуда ғана шаһардың шеткі елдімекендерінен орталығына қатынайтын 10 жаңа бағыттағы маршруттар ашылғаны белгілі. Енді автобустар саны көбейсе, қоғамдық көлікке қатысты бірқатар мәселенің оң нәтижесін көретін күн де алыс емес.
Қала әкімі республикалық маңызы бар шаһардың әкімшілік-мемлекеттік қызметкерлері қазан айынан бастап жаңа жалақы жүйесіне көшетінін мәлімдеді.
– Келесі жылдан бастап қала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеруді де жоспарлап отырмыз. Бұл да Шымкент тұрғындарына жайлы жағдай жасауға қызмет ететін сала мамандарын, құқық қорғаушыларды қолдау мақсатында жүзеге асады, – деді қала әкімі.