Шымкентте ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылды

Шымкент шаһарындағы жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің колледжінде қазақтың қолөнері, ұлттық киімдері дәріптелді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі shymkenttv.kz сайтына сілтеме жасап.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйытқы болуымен өткен шара қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған. Оған колледж студенттері мен оқытушылар қатысты. Шеберлер жастарға шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақы дәстүрде сақталған ұлттық киімдер қашан да сұранысқа ие. Ол – халқымыздың қалыптасқан тарихи қазынасы, мәдени мұрасы. Шара барысында күмістен жасалған ескі бұйымдарды қайта қалпына келтіруге, дәстүрлі үлгідегі киім тігу әдісі мен кесте тоқу ісіне аса мән беру қажеттігі айтылды.
«Бүгінгі осы шеберлік сабағында менің үйренгенім өте көп. Осы сабақ барысында құрақты тез әрі қалай дайындау керектігін үйрендік. Құраққа деген қызығушылығым артты. Келешекте өзіме осы құрақ элементтерін қосып, киім тігуді үйренгім келеді», — дейді жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті Аружан Сапарбек.
Мемлекеттік колледж қабырғасында 42 топ бар. 4 топ – тоқыма, қалғаны – тігін, модельер, дизайн мамандықтары бойынша білім алады. Мұндағы талантты студенттер көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Тәрбиелік маңызы зор шара дефилемен жалғасты. Болашақ дизайнерлер дәстүрлі ұлттық киімдерді заманауи үлгіде тігіп, көрермен назарына ұсынды.
«Бүгінгі таңда қазақтың ұлттық киімдер бағытына келер болсақ, прет-а-порте, этно-fashion бағытымен білім береміз. Модульдік құзыреттілік бағдарламалары бар, дуальды жүйе бойынша білім береміз», —  дейді жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры Гүлмира Тағаева.
Қазақтың ұлттық киімін насихаттауды мақсат тұтқан көрменің мәні тереңде жатыр. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылығымыздың бағасын жоғарылатып, парқын биіктетті.