Шымкентте жыл сайын 24 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа қабылданады. Сондықтан алып шаһарда әрбір оқу жылында 20 мың балаға арналған білім ұялары салынуға тиіс. Бұл мәселелер бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс 37 сессиясында сөз болды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі inform.kz порталына сілтеме жасап.
Мектеп тапшылығы мәселесін қараған сессияда қала басшылығы әр жылы 15-ке жуық білім ұясы салынатынын атап өтті. Өйткені, білім ошақтарын дер кезінде көбейтпесе, үш ауысымды оқу жүйесі жалғаса бермек.
«Үш ауысымды білімнің мәселесін шешу үшін жаңа мектептер салу керек. Қазір 12 білім ұясының жобалық сметалық құжаты дайын. Оған қаржыны республикадан сұратып отырмыз. Ол мәселе де шешімін тауып жатыр. Сол 12 мектептің 10-на республикадан қаржы бөлінсе, екеуіне қала қазынасынан ақша қарастырылады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлермен тағы 30 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Осында отырған депутаттардың арасында кәсіпкерлер бар, мен сіздерді соған атсалысуға шақырамын»,- деді сессияда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.