Жалпы еліміздің экономикасын дамытуда отандық өнімдердің экспортқа шығуы жоғары маңызға ие екендігі белгілі. Бұл бағытта түркістандық шаруалардың да қосып отырған үлестері де аз емес. Мәселен, Жетісай мен Мақтааралдың бау-бақша өнімдері Орта азия елдерінен бөлек Еуропаға экспортталып жатыр. Мұнан бөлек, Түлкібас ауданының алқызыл алмалары алыс шетелге саудаланып жатыр.
Биыл түркістандық шаруалар 500 мың тоннаға жуық өнімді Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспорттаса, 1 млн. тонна тауар еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Adym.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, облыста тамшылатып суғару әдісі жаңадан 6 406 гектарға ендіріліп, жалпы аумағы 64,4 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ, 126,2 гектар жылыжай салынып, жалпы көлемі 1285,4 гектарға артқан.
Ауыл шаруашылығында негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі 9,1 млрд.теңгені құрады. Осының нәтижесінде 8 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 249 056 млн. теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға артқанын көрсетеді.