Шымкент аграрлық колледжінің жастары Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Әлем БТ» ЖШС-де экскурсиялық саяхат жасады, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қалалық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Оңтүстік» экономикалық аймаққа келудегі негізгі мақсат: кәсіптік білім алып отырған білім алушыларды кәсіпкерлікке баулу, оларды практика жүзінде жұмыс негізіне үйрету. Қазіргі таңда жан-жақты маман даярлау олардың әлеуметтік, кәсіптік, өздік жұмыс жасай алу қабілеттерін дамытумен белгіленеді. Елбасы өз Жолдауында халықтың кәсібін ашып жұмыс табуына мемлекет тарапынан қолдауды күшейтуге үлкен мән берген. Бұл жерде мамандар кәсіпкерлік негіздері, кәсіпкерлік психологиясы, кәсіпкерге арналған менеджмент, маркетинг негіздері, қаржы, қызметкерлерді басқару және кәсіпкерліктің заңдық аспектілері туралы мағлұматтар берді. Колледж білім алушылары бәсекеге қабілетті, болашақта табысты, өз ісінің мықты маманы болып қалыптасуы үшін ең бастысы кәсіпкер біліммен қарулануы тиіс екеніне көздерін жеткізді.