Шымкент қаласы Қаратау ауданы «Нұрсәт» тұрғын алабында қазіргі таңда құрылыс жұмыстарықарқынды түрде жүргізілуде, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елбасымыз мегаполис атанған қалалар тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңартылған және мәдениеті жоғары болуы тиіс деп көрсеткен болатын. «Нұрсәт» тұрғын алабында құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілген көпқабатты үйлердің аулаларына қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың бастамасы негізінде демеушілер тарапынан заманауи үлгідегі балалар ойын алаңы, үсті жабылған көрермендерге арналған орындықтармен ашық спорт алаңы және спорттық жаттығу элементтері орнатылуда.
Сонымен қатар, Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұсынысы негізінде жергілікті бюджеттен «Нұрсәт» шағынауданындағы тозығы жеткен 30 көпқабатты үй орналасқан 14 ауланы толықтай абаттандыруға және 1 аулаға ашық спорт алаңшасын салуға қаржы қаралды. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жеңімпаз мекеме анықталған соң, абаттандыру жұмыстары ағымдағы жылы атқарылатын болады. Абаттандыруға арналған балалар ойын және спорттық жаттығу элементтері, балалар мен жас өспірімдердің денсаулықтарына зиян келтірмейтін экологиялық жағынан қауіпсіз материалдардан орнатылады.