Әблязовтың заңсыз ақшасы Лондонға ағылып жатыр

205

Наурыздың 6-сы күні Ұлыбританияның Independent газеті «Лондондағы жылжымайтын мүлік дүрбелеңі заңсыз ақшаға құрылған» деген тағы бір мақала жариялады, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Газеттің мәлімдеуінше, коррупциялық жолмен алынған миллиардтаған фунт стерлинг ақшаны қылмыскерлер мен шетелдік шенеуніктер жасырын оффшор компаниялардың көмегімен Лондонда жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы заңдастырып жатыр.
Газеттің хабарлауынша, Лондонда құпия компаниялар арқылы сатып алынған 36 мыңға жуық үйдің көбі ұрланған ақшаның ізін жасыру үшін сатып алынған. Халықаралық Transparency International коррупциямен күрес ұйымының хабарлауынша, соңғы кезде Лондон коррупциялық жолмен алынған заңсыз ақша ағылып жатқан қалаға айналған. Өйткені Лондонда жылжымайтын мүлік қымбат тұрады әрі Ұлыбритания билігі мүлік иелері туралы ақпаратты жариялағысы келмейді.
Independent газетінің жазуынша, өткен жұмада Мәскеу қаласында қастандықпен өлтірілген ресейлік оппозиционер Борис Немцов «коррупция жайлаған елдерден ұрланған ақша ағынын тоқтату үшін Ұлыбритания жеткілікті шара қолданбай отыр» деп талай мәлімдеген.
Газеттің жазуынша, Ұлыбритания билігі қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру әрекеттерін көбінесе жазаламайды. Ал Transparency International ұйымы «көбірек ақша табуды ғана көздейтін жылжымайтын мүлік сататын агенттер күдікті мәмілелер жайлы билікке хабарламайды» деп мәлімдейді.
Қазақстан үкіметі Мұхтар Әблязовті «БТА Банк есеп-шотынан алты миллиард долларды жымқырды» деп айыптайды. Қазақстаннан кетіп қалған 2009 жылға дейін банк акцияларының басым бөлігі Мұхтар Әблязовтің иелігінде болған. Кейін банк мемлекет меншігіне өткен. Қыруар шығынға ұшыраған кредиторлардың арасында Ұлыбританияның RBS, Barclays, Standard Chartered және HSBC банктері де бар. Мұхтар Әблязов «саяси астары бар» деген уәжбен тағылған айыптарды мойындамайды.