Шымкент қаласындағы «Қырғы базар» туристік аймаққа айналмақ. Қараша айының соңында бұл аумақты үлкен өзгерістер күтіп тұр, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жауапты мамандардың айтуынша, «Қырғы базар»-дың кіреберіс алаңында жаңа гүлзар пайда болады, сондай-ақ кіреберіс қақпалары қалпына келтіріледі. Олар шығыстық үлгіде жасалынбақ.
Жоспар бойынша, базардың алды ғана емес, базардың өзі де жаңа кейіпке енбек.
– Бұл жер тұрғындарға қолайлы әрі жанға жайлы демалыс сыйлайтын аумақ болады деп көзделіп отыр. Мұнда келушілердің қауіпсіздігі үшін Face ID және Touch ID жүйесін іске қосу да жоспарда бар, – дейді әкімдік өкілдері.
Нысанның ішінде 3 қабатты автотұрақ салынбақ. Жаңа сауда орыны Өзбекстан мемлекетімен тікелей қарым-қатынас орнататын болады. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, заңсыз сауда дүңгіршектері орналасқан жерде Арбат саябағы тұрғызылып, базардың басқа да мәселелері шешіліп жатыр.
Айта өтейік, статистика бойынша «Қырғы базарға» күнделікті 30 000 адам сауда-саттық жасайды. Енді ондағы сыйымдылықты ескеріп, 3,5 га ауданды құрайтын нысан тұрғызылмақ.