Түркістан облысында мақта терімі басталды

Қазіргі таңда ауданда ақ алтынды қолмен теру жұмыстары Ж.Ералиев, Ш.Ділдабеков, Мақталы, Қарақай ауыл округтеріндегі шаруа қожалықтары бастап жіберді. 

Түркістан облысы Жетісай ауданында мақта терімі басталды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы ағымдағы жылы ауданда 48220 гектарға мақта дәні себілген. Аудан шаруалары өткен жылы орташа есеппен мақтаның әр гектарынан 25 центнерден өнім жинаса, биыл да осы көрсеткіштен төмен болмайды деп  болжам жасап отыр. Енді бірер күнде мақта алқаптарына комбайндар жұмысқа кіріспек. Әзірдің өзінде ауданда 70-ке жуық «ДжонДир» мақта теретін комбайндардың техникалық дайындықтары пысықталуда. Оның 65-і 4 жүйекті. Яғни, әрбір комбайн бір мезетте 4 жүйектегі ақ алтынды жинауға қауқарлы.
Айта кетерлігі, шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін жанар-жағармай талондары таратылып берілуде. Сондай-ақ, алқаптарда мақтаны химиялық әдіспен қурату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, аудан көлемінде ақ алтын жинауға арналған қабылдау бекеттері іске қосылуда. Сонымен қатар, аудан басшысы қатысқан жиын барысында «Ақ керуен» шарасына дайындық барысы да талқыланды.
Қазіргі таңда аудандағы егістік жерлердің 61 пайызы электронды картаға енгізілген. Алайда бұл көрсеткішті күн санап жақсарту қажет. Осы мәселеге мән беруге шақырған аудан әкімі тиісті сала басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.