Шымкенттегі жылу орталығы инвестициялық бағдарлама бойынша жөнделуде

Шымкент қаласындағы Евразиялық топтың құрамындағы «Энергоорталық 3» АҚ жоспарға сәйкес инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. Кәсіпорында бүгінде станция жабдықтарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгін кәсіпорын аумағында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті. Инвестициялық жоба аясында №1 турбоагрегаттың және электролиздік қондырғының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде.
Жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорында жаңғырту жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады. 2016 жылы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің өңірдегі департаментімен «Энергоорталық3» АҚ-мен 2016-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілген болатын. Қондырғыларды жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 673 млн. теңгеден аса қаражат бөлінген. Ал биылғы жылға бөлінген 143 млн. теңге кезең кезеңімен игерілу үстінде.
Бүгінде жылу беретін орталықта жөндеу жұмыстарын павлодарлық «Гарант сервис» серіктестігі жүргізуде. Қазан айының аяғына дейін жөндеуді аяқтап, тапсыруы тиіс. Үш қазандықты және қондырғыларды жөндеу жұмысы кестеден кешікпей, өз уақытында аяқталмақ. Бұл дегеніңіз суық мезгілі де жайлы дегенмен де, тосыннан қысып беретін қыста қысылмай шығудың төте амалы.