Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Тассай» индустриялды аймағында орналасқан «ҚазТехникас» ЖШС-нің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндағы өндіріс орнында жарықтандыруға арналған диодты көше және кеңсе шамдары дайындалады. Айта кетейік, бұл — еліміздің Оңтүстік аймағында диодты жарық шамдарын шығаруды қолға алған алғашқы кәсіпорын. Қуаттылығы жылына 18 мың дана көше, 36 мың кеңсе шамын шығаруға жетеді. Жоба құны 500 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын екі жылдан бері қырықтан астам адамды жұмыспен қамтып келеді. Орташа жалақы — 110 мың теңге.
Өндіріс орнын аралау барысында қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы «ҚазТехникас» кәсіпорнының директоры Сәбит Мұратқа сәттілік тілеп, жұмыстарына оң баға берді. Алдағы жоспарларын тілге тиек еткен кәсіпорын басшылығы цехтағы қолмен істелетін жұмысты автоматтандыруға кіріскендерін айтты. Бұл өз кезегінде жарықты үнемдеуге септігін тигізбек.