Шымкентте «Мемлекеттік тіл –менің тілім» қалалық форумы өтті

Бүгін Шымкент қаласы «Жастар» ресурстық орталығында «Мемлекеттік тіл –менің тілім» форумы болып өтті.  Шымкент  қалалық  тілдерді  оқыту-әдістемелік орталығыда өзінің тіл үйренушілерімен  «Тіл мерекесін» атап өтеді. Мұнда тіл үйренушілер саны жыл сайын артып келеді. 2018 жылдың  І  жартыжылдығы  бойынша  жалпы  886 адам қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйреніп шыққан. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер саны – 282, азаматтық қызметкерлер саны – 604-ті құрайды.
Туған тілдің абыройын асқақтату — әрбір азаматтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Үкімет басшысы Б. Сағынтаевтың  2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына қол қойды. Бір қуантарлығы айтулы мерекелердің арасында Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйек болып бекітілді.  Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн — «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы — тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Содан бері қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлап келеді.