«2200 жылдық терең тарихы бар Шымкент шаһары туризмнің де ордасы. Тіпті Шымкентті Түркістан облысының туризмдегі қақпасы десек те артық емес», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі shymkala.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкент бір замандарда «Ұлы Жібек жолының» ең бір күре тармақтарының бірі есебінде танылғанын тарихтан білеміз. Сол себепті саяхатшыларды көбірек тартып, Шымкент туризмін түлетуге барынша маңыз берілуде.
Еліміздің әр аймағынан, шетелден де арнайы саяхаттап келетін туристердің бәрі ең алдымен Шымқалаға кеп тоқтайды. Бұл орайда келімді-кетімді адамдарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қала әкімдігі әуежай, темір жол тасымалы бойынша жаңа жобаларды қолға алып жатыр.
Атап айтсақ, 2020 жылға дейін Шымкентте әуежайдың жаңа терминалы мен теміржол вокзалының жаңа ғимараты салынады. Құрылыс әуе компаниялары мен ҚТЖ қаражаты есебінен жүргізілмек. Қазіргі таңда SCAT компаниясының қаражаты есебінен әуежайдың жаңа терминалын салу бойынша келісімге қол қойылған. Шымкент әуежайында бой көтеретін жаңа терминалдың құны – 17,5 миллиард теңге. Әуе компаниясы $50 млн көлемінде инвестиция салуға әзір. Қала әкімдігі терминал құрылысы мен оған апаратын жолды салу үшін 2,8 гектар жер телімін бермек.