Әл-Фараби ауданы аумағында заңсыз орнатылған дүңгіршектер алынуда

Шымкент қаласы әкімдігінің 2016 жылдың 13 сәуірдегі «Қала аумағындағы ретсіз сауданың алдын алдын-алу, жою жұмыстарының барысы» туралы №649 қаулысына сәйкес, қаланың сәулеттік келбетін сақтау мақсатында Әл Фараби ауданында ретсіз саудамен және заңсыз дүңгіршектермен күрес шаралары жалғасуда, деп хабарлайды adym.kz ақпарат агенттігі Әл-Фараби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осыған орай, кезекті рет аудан әкімдігінің қызметкерлері және жергілікті учаскелік полицейлер өкілдерінің қатысуымен іс-шара жұмыстары өткізілді.
Іс-шара барысында, Қазақстан Республикасының «Жер» Кодексінің 43-бабына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 136-шы және 204-бабына сәйкес, Бейбітшілік көшесіндегі «Челси» кафесінің алдындағы бастырма иесіне, Әбдіразақов көшесі бойындағы дүңгіршекке және Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі «Жеміс-жидек» дүңгіршегі иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, аталған заңсыз дүңгіршектер орындарынан алынды.
Қазіргі таңға, Әл-Фараби ауданы бойынша 46 заңсыз орнатылған дүңгіршек алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Бұған дейін қала аумағында орналасқан заңсыз дүңгіршектер алынған болатын.