Дильфуза Хакимова — жас маман. Жергілікті оқу орындарының бірінде оқып, шет тілі пәнінің оқытушысы мамандығын алған. Дипломына жыл бұрын қол жеткізгенімен әлі күнге жұмыссыз жүр.
Дильфуза Хакимова, жұмыссыз: «Жұмыс іздеп келдім. Маған жолдама берілді. Содан үміт күтіп үйге қайтып бара жатырмын».
Абай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкеде 2200 жұмыс орны ұсынылды. Түрлі пән мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, құрылысшы, аспаз мамандықтары бойынша екі қолға бір күрек табу мүмкіндігі молынан дейді ұйымдастырушылар. Сондай-ақ, жергілікті зауыт-фабрикалар да маман тапшылығын сезінуде.
Әбдімомын Ибрайымов, Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының бас маманы: «Индустриалды аймақтан бос жұмыс орындарына мамандар, жұмысшылар іздестіріліп жатыр. Грейдер, «Хова» көліктерін жүргізетіндер де тапшы. Құрылыс саласына, күзетке көптеген жұмысшылар қажет».
Ұйымдастырушылар жылжымалы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыруды өзге де аудандарда жалғастыратын болады. Айтуларынша, бүгінде екі қолға бір күрек іздегендерге бос жұмыс орындары электронды портал арқылы да ұсынылуда.
Дереккөз: otyrar.kz