«Песни» шоуының финалисті, Black Star байқауының қатысушысы Назима Жәнібекова Шымкент қаласы әкімінің қабылдауында болды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылдау кезінде Ғабидолла Әбдірахымов ән әлемін дамытуға және Шымкент қаласын ТМД елдерінде ғана емес, әлемдік аренада танымал болуына қосқан үлесі үшін жас орындаушыға алғыс сезімін білдірді.
Бірнеше жыл бойы талантты орындаушы «Altyn Girls» тобының мүшесі болды. Бірақ Назима «ТНТ» телеарнасындағы «Песни» телевизиялық жобасынан кейін есімі көпке танымал болды.
Жобаның ақтық сынына дейін жеткен жерлесіміз Тиматидің продюсерлік тобындағы Terry мен DanyMuse сынды орындаушылармен бірге Black Star командасының құрамына кірді.
Қабылдау барысында Шымкент қаласының әкімі Назимаға бағалы сыйлық — велосипед және iPhone телефонын табыс етті. Ғабидолла Рахматоллаұлы өз кезегінде, рэп орындаушысы Шымкент қаласының оң имиджін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қоса беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, Тимати «Песни» жобасының жетекшілерінің бірі. Ол Жәнібекованы алғаш көргенде-ақ ұнатып, нағыз талант иесі екенін айтқан еді.