30 тамыз – Қазақстан халқы тарихи таңдау жасаған ұлы күн. Біз осыдан 23 жыл бұрын Жаңа Қазақстанның негізгі Заңының мәтінін бекіттік. «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып…» деп басталатын Ата Заңымыз бойына еліміздің ең басты құндылықтарын сыйғыза білді.
Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, азаматтығымыздың айшықты айғағы – Ата Заң аясында бүгінгі ұрпақ тыныш күнде ғұмыр кешіп, заман талабына сай білім алып, саналы жетіліп келеді. Сондықтан бұл күн – халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке.
Біз заң аясында өмір сүретін елміз. Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Ата Заң — қастерлі құжат, тұрақтылық пен татулықтың тұғыры.
Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз, мемлекетімізді нығайту жолында ауқымды істер атқарып, алдымызға мақсат қойдық. Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясы, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты және бес институционалды реформасы – Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келе жатқан жүйелі жобалар.
Биыл Шымкент ерекше мәртебеге ие болып, республикалық дербес қала статусына қол жеткізді. Миллионды қаланың бұл жылдары әлеуметтік, экономикалық, өндірістік дамуында тың серпілістер орын алуда.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Шымкент Алматы мен Астанадан кейін мегаполис атағы бар Қазақстандағы үшінші қала» дегені біз үшін үлкен абырой ғана емес, сондай-ақ үлкен жауапкершілік. Біз бұл сенімді ақтаймыз!
Құрметті шаһар тұрғындары!
Ата заң – мемлекетіміздің алтын қазығы. Оны қастерлеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Конституцияның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжытпай сақтасақ алар асуымыз әрдайым асқақ болады. Сол арқылы Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсеміз!
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Мереке құтты болсын!
Шымкент қаласының әкімі Ғ.ӘБДІРАХЫМОВ
Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовтың Конституция күнімен құттықтады
Құрметті шымкенттіктер! Қадірлі қала қонақтары! Баршаңызды мемлекеттігіміздің берік іргетасы – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!