Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму жоспары аясында жүзеге асып жатқан ерекше жобаның бірі – «Шымкент СИТИ» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені. Қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің жанында 427 гектарды алып жатқан аумақта қазір жол салынып, инфрақұрылым жұмыстары аяқталған. Жоба толықтай аяқталғанда жаңа қалашықта 50 мың адам қоныстанады.
«Шымкент СИТИ» – бүгінде қаланың басты құрылыс алаңы. Жаңа қалашықта тұрғын үйлер салуға «Highvill» (51 га) «BAZIS-A», «Bi Group» (5 га), «Отау Строй» (14 га) компанияларымен келісім жасалған. Бұл аумақта 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. Сонымен қатар, «Highvill» компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 49 гектар алаңға құны 5 млрд теңге тұратын саябақ салуға дайын.
Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қала әкімдігінде өткен кезекті жиында «Шымкент СИТИ-дің» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін бар жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болатынын айтқан еді. Шын мәнінде, «Шымкент-сити» – қаламызды үшінші мегаполиске айналдыру бойынша қолға алынған ерекше жоба. Қалашықтың құрылысы 2020 жылға таман толық аяқталған жағдайда, бұл мекен барша қала тұрғындарының мақтанышына айналатыны сөзсіз.
Жалпы, бүгінгі таңда Елбасымыздың Бес әлеуметтік бастамасын орындау аясында Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша 175 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл баспанаға мұқтаж тұрғындардың мәселесін шешуге жол ашады. Баспана тапшылығын азайту үшін келер жылы 56 млрд теңгеге 8 арендалық және 68 несиелік көпқабатты үй салу жоспарлануда.
Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Шымкент қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте ірі жобалар талқыға салынды, салиқалы пікірлер айтылды. Жиында Премьер-министр шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымовтың көрсеткен жобаларының тұшымдылығын айтып, қолдау білдірді. Алайда қаржы мәселесін шешуде барлық қажетті құжатты даярлау керегін де айтты. Сонан соң республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралатын болады.
Дереккөз: shymkala.kz