ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЛА» БАЙҚАУЫ ЖАЛҒАСУДА

Шымкентте «Таза қала» конкурсы алтыншы рет өтіп жатыр, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz порталына сілтеме жасап.
Биылғы байқау «Үздік аула», «Үздік көше», «Үздік аудан» жəне «Үздік учаскелік инспектор» сияқты номинациялар бойынша өтуде. Жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды.
Конкурсқа қала тұрғындары белсенді қатысуда. Әл Фараби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай Рашидов көшесіндегі нөмері 25 үйдің ауласы байқауда бақ сынаудан үмітті. Ауладағы мұнтаздай тазалық пен жасыл желек, гүлге көмкерілген аула расында көзтартарлықтай. Көршілердің ауызбіршілігінің арқасында жасыл желекке бөленген аула үздік деп танылуы әбден мүмкін.
Мұнда басқа аулаларда кездеспейтін гүлдер бауы өсіп тұр. Барлығы бір подъезден басталған болатын. Аулаларындағы əдемілікті көріп, көрші подъездердің тұрғындары да гүл өсіріп, аулаларын күтіп-ұстауға кірісіпті. Таза да әсем ауланың тұрғындары әділқазылардың назарынан тыс қалмайтындарына сенімді. Байқау келесі жылы да жалғасын табады деп сенеміз.