ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 275 ПӘТЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

«Республикалық кеңестің мүшелері Ақжайық шағынауданындағы үйлердің құрылыстарымен танысты», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қалалық құрылыс басқармасының бастығы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламаларын іске асыруға сегіз үй кешенінің 136 пәтері дайын, ал екінші жарты жылдықтың соңына дейін 275 пәтер пайдалануға беріледі. Олардың көбі 2-3 бөлмелі пәтерлер. Сонымен бірге, Ұлттық Банктің деректері бойынша, тамыз айының ортасында Шымкент  қаласында  662,6 млн теңгеге тұрғын үй заемдарын алуға 77 өтініш келіп түсті.
– Елбасының  бірінші бастамасының аясында әзірленген «7-20-25» бағдарламасы әр отбасына үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жергілікті әкімдіктер, жауапты мемлекеттік органдар осы бағдарлама бойынша жұмысты күшейтуі керек, – деді қоғамдық кеңестің мүшесі, ҚР Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Айта кетерлігі, Шымкентте ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті. Аталған іс-шараға Парламент Мәжілісінің депуттары, «Қазақстан-2050» жалпы ұлттық қозғалысының өкілдері, Қазақстанның жоғары оқу орындарының қауымдастығының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, жергілікті мемлекеттік орган өкілдері, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер қатысты.