«Шымкентте агро-индустриалды аймақтар дамиды», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мәжілісте Шымкенттің көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де сөз болды. Бұл ретте Алматы-Ташкент бағытында транзитті жақсарту үшін А-2 айналма жолын (31 км) қайта құру қажеттігі айтылды. Қала әкімі, сондай-ақ екі, елдің арасындағы қарым-қатынастың бұдан әрі дамуы үшін «Шымкент-Ташкент» жүйрік теміржол экспресін іске қосуды ұсынды.
Тағы бір айта кетерлігі, қаланың солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыру және көлік жүктемесін азайту үшін Қонаев даңғылы жалғасының құрылысын бастау көзделуде. Бұл жобаларды қуаттап пікір білдірген Б.Сағынтаев құжаттамалардың барлығы дер кезінде дайындалуы керегін және тиісінше республикалық бюджеттен қаржы бөлінетінін жеткізді.
Шымкентте қазір «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Бұл аймақтарға 58,5 млрд тенге инвестиция құйылып, 66 кәсіпорын іске қосылды, 4 890 жұмыс орны ашылды. 2018 жылдың соңына дейін осы аймақтарға 38,3 млрд теңге инвестиция салып, 2 047 жұмыс орны бар 14 кәсіпорын ашу жоспарланған.