ШЫМКЕНТТІКТЕР АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ 173 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

Ақын Абай Құнанбайұлының туылғанына 173 жыл толуына орай «Абай ұлы даланың рухани өлшемі» атты әдеби әуенді кеш өткізілді.

«Шымкент қаласында Абай Құнанбаевтың 173 жылдығы аталып өтті», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Абай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Абай ауданы әкімі аппараты мен Абай атындағы орталық кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен халқымыздың озық ойлы білімдары, ақын Абай Құнанбайұлының туылғанына 173 жыл толуына орай «Абай ұлы даланың рухани өлшемі» атты әдеби әуенді кеш өткізілді.
Аталған мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Г.Ташимова, ақын, жазушы Сабырбек Нұрманұлы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сапар Өтемісұлы, «Тарихи мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың» аға ғылыми қызметкері Көшербай Еділбай Шүкіртайұлы, опера және балет театрының әншісі О.Жақсыбек, ауыл билері және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара Абай атамыздың ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталып, келген қонақтар «Хакім Абай» мұражайын аралады. Сондай-ақ, іс-шара барысында Абай Құнанбаевтың қара сөздері мен өлеңдері оқылып, мерекелік концертке жалғасты.
Абай ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.