Шымкент қаласының мектептеріне жаңа кітаптар берілетін болады, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі ERNUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
2018-2019 оқу жылы Шымкент қаласындағы мектептерге ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес 2, 3, 6, 8-сыныптарға арналған кітаптармен қатар 1, 2-сыныптарға арналған оқулық дәптерлері алынуда.
Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Асауов Пазылхан Жолдасұлы мәлімдеді.
«Биылғы жылы алынатын оқулықтарға бөлінген жалпы қаржы 1 962 002 900 теңгені құрап отыр. Сол қаржы бойынша 13 баспаханамен келісімшартқа отырып, кітаптар алып жатырмыз. Бүгінгі таңда 77 пайыз кітап Алматыдан алынды, қалған 23 пайызы 2-3 күн ішінде жеткізіледі. Қазіргі таңда оқулықтарды мектептерге таратып жатырмыз. Бірақ бұл кітаптар 100 пайыз жеткілікті болады деп айта алмаймыз», — дейді Пазылхан Жолдасұлы.
Атап айтсақ, биылғы жылғы жоспар бойынша 1 311 463 жаңа кітап алынатын болады. Қазіргі таңда қоймаға жеткізілген кітап саны 960 мыңнан асады.
Сондай-ақ, бұл кітаптар жаңа бағдарламада құрастырылған. Айта кетейік, былтырғы жылы 2, 5, 7 сыныптарға арналған жаңа кітаптар берілген болатын.
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАРҒА ЖАҢА ОҚУЛЫҚТАР БЕРІЛЕДІ
Биылғы жоспар бойынша білім ұяларына 1 311 463 жаңа кітап алынатын болады.