«ЕКІ-АҚ НАҒЫЗ ҚАЗАҚ БАРМЫЗ, БІРІ – МЕН, БІРІ – ШОҚЫР»

Ұлттың батыр перзенті Бауыржан Момышұлы ССРО спорт шебері атанған алғашқы қазақ боксшысы туралы осылай деген екен.

1233

Adym.kz: «Тәуелсіздік жылдары өз ата тектерінен «ов», «ева», «ин» жалғауларын алып тастайтындардың қатары артып келеді. Алайда, бұл жаңалық емес. Себебі, Кеңестік кезеңнің өзінде-ақ бабаларымыз бұл «құлдықтан» құтылып қойған».
Қылышынан қан тамып тұрған 1940 жылдары өз тегін «ұлы» деп жаздырған тұңғыш қазақ – Шоқыр Бөлтекұлы. ССРО спорт шебері атанған алғашқы қазақ та осы Шоқыр атамыз.
«Алматының көшесінде жігіттерімен бірге Шоқыр атамыз келе жатқанда бәрі қоғадай жапырыла жол береді екен. Сол кездері Шоқыр атамыздың беделі қазіргі әлемдік әншілерден биік болмаса кем болған жоқ», — дейді белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбек.
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген халық нақылына келтірілген мысал Шоқыр Бөлтекұлының өмірінде де бар. Шоқыр соғыстың кезінде фамилиясына ұлы деп жаздыртқанын айттық. Тегінің ұлы деп жаздыртқаны үшін талай жеңілдіктерден айырылып, сан мәрте соққы жеген.
Кабанов деген тергеушімен сөзге келіп қалғанда «Себебі мен қабанның емес, Бөлтектің ұлымын» деп жауап берген. Рингке 223 рет шығып оның 199- ын жеңіспен аяқтаған, тұңғыш қазақтан шыққан бокстан спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлының өз ұлтына, шыққан тегіне деген құрметі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық.