«Француз әйелі асырап алған қазақ баласы өзі өскен бөбектер үйін іздеп келді», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі ERNUR.KZ сайтына сілтеме жасап.Бүгін Шымкент қаласындағы «Шымкент мамандандырылған бөбектер үйіне» 11 жыл бұрын франциялық әйел асырап алған Шоқан есімді бала қонаққа келді. Шоқанды бөбектер үйінен 8 айлық кезінде Каролина есімді әйел асырап алған. Қазіргі таңда Францияда тұратын анамен бала Қазақстанға 15 күнге қыдыруға келген. Осыған дейін Астана, Алматы қалаларын аралап, осы күндері Шымкент қаласына табан тіреген. Шоқанның есімін анасы Мерхиор Либға етіп ауыстырғанын жеткізді. Сондай-ақ Шоқан француз тілінде сөйлегенімен, 2 жылдан бері Парижде қазақ тілінен сабақ алып жүр екен. Сонымен қатар математиканы жақсы көретін бала шахмат, каратэ үйірмелеріне қатысады.
«Қазақстанға, оның ішінде Шымкенттегі бөбектер үйіне келуді өзім қаладым. Себебі бұл жақта адамдар әрқашан күліп қарайды, өте қонақжай екен. Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін, «Сәлеметсіз бе? Сау болыңыз! Көке» деген сөздерді жақсы көріп, тез жаттап алдым. Тағы бір айтқым келетіні – Астана өте керемет қала екен, болашақта Астанада өмір сүргім келеді. Мен Парижде Мерхиор болғаныммен, Қазақстанда Шоқанмын», — дейді 11 жастағы Шоқан-Мерхиор.Шоқан өзі өскен бөбектер үйіне келіп, өзі жатқан төсегімен танысты. Одан кейін сол жердегі топтағы балаларды көріп, өз қолымен тәттілер таратты.«Біздің Қазақстанға келуімізге Шоқанның тілегі әсер етті. Ал келіп-кетуіміздің қамын Астанадағы достарымыз қамтамасыз етіп жатыр. Соңғы 10 күн ішінде Астана, Алматы қалаларын аралап, бүгін Шымкентке келіп отырмыз. Мерхиор мен асырап алғанда 8 айлық болатын. Бүгін міне, бойы өзімнен асып барады. Балам бауырлары секілді ет жегенді ұнатады. Келер күндері Түркістан қаласына баруды жоспарлап отырмыз. Кетер кезде базарлардан қазақтың ұлттық киімін сатып аламыз», — дейді 51 жастағы кең жүректі ана Каролина.Сондай-ақ, қонақтарды керемет көңіл-күймен қарсы алған бөбектер үйінің бүлдіршіндері де тақпақ айтып, ән салып, би билеп Шоқан мен анасына жылы лебізін білдірді.
Редакция таңдауы
ФРАНЦУЗДАР АСЫРАП АЛҒАН ШОҚАН 11 ЖЫЛДАН СОҢ ҮЙІН ІЗДЕП ТАПТЫ (Фото)
Шоқан 2 жылдан бері Парижде қазақ тілінен сабақ алып жүр екен.