СҮЙІНШІ! ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ САЙРАГҮЛ САУЫТБАЙ ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАТЫН БОЛДЫ

"Шекарадан заңсыз өтті деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың шартты түрде алты айға бас бостандығы шектелді. Судья оны сот залынан бостауға пәрмен берді", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Бұған дейін прокурор Арзыгүл Имярова сот отырысында судьядан Сайрагүл Сауытбайды ҚР Қылмыстық кодексінің 393-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған аталған баппен алты ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды; Сайрагүл Сауытбайдың 2018 жылдың мамыр айының 23-інен күзетте болуын бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне қоса есептеуді; ҚР Қылмыстық кодексінің 60-бабын қолданып, тағайындалған жазаны шартты түрде ҚР Қылмыстық кодексінің 44-бабы негізінде Сайрагүл Сауытбайды 6 ай мерзімде пробациялық бақылауға алуды; пробациялық бақылауды Сайрагүл Сауытбайдың күйеуінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша орнатуды; Сауытбайдың тәртібін бақылауды Еңбекшіқазақ аудандық пробация қызмет бөліміне жүктеуді; қосымша жаза Қазақстан Республикасы шегінен шығаруды қолданбауды; сот залында қамаудан босатуды сұраған болатын. Қорғаушы Абзал Құспан да прокурордың ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Жаркенттегі сот отырысы таңғы 10.00-де басталды. Отырыстың басында Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан сот төрағасына Сайрагүлге көші-қон полициясы берген пана іздеуші куәлігін тапсырды.
Сот отырысына азаматтық белсенділер, шетелдік және қазақстандық журналистерді есептегенде алпысқа жуық адам келді. Ал, сот ғимаратының сыртында сот үкімін күткен жұрттың қарасы қалың болды.
Естеріңізге салар болсақ, мамырдың ортасында Алматы облысының тұрғыны Уәли Ісләм әйелі Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері «Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті» деген айыппен ұстап алып кеткенін хабарлаған. Кейінірек Сайрагүл Сауытбайдың Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырғаны анықталды.
Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келгісі келген. Туыстарының айтуынша, Сайрагүл Сауытбайдың Қытайда мемлекеттік қызметте істеуіне байланысты жергілікті билік паспортын алып қойған. Сондықтан ол «Қазақстан азаматтығына тапсыра алмаған».