ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ «АҚЫЛДЫ» ЖАРЫҚШАМДАР ІСКЕ ҚОСЫЛА БАСТАДЫ

«Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында бағаналар орнатылып, көшелері жарықтандырылған елді мекендер саны артып келеді», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде ондағы Борлысай ауылдық округіне қарасты Ақтас, Қошқарата және Кеңсай елді мекендерінің көше шамдары жарқырап, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының аясында қолға алынған шараға бастамашы болған бәйдібектік азамат, «Құрмет» орденінің иегері, филантроп — Оралбек Ботбай. Кәсіпкер үш ауылдың бойын жалғайтын ұзындығы 14 шақырымнан (14,341 шқ.) астам жолға 438 бағана орнатып, жарық шамдарын қосып берді.
Осынау қуанышты жағдайға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков құттықтау сөз сөйлеп, басқа қалада жүрсе де туған жерін ұмытпай, Борлысай ауылдық округінің әлеуетін көтеруге өз үлесін қосып жүрген О.Ботбайға облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етіп, иығына шапан жапты.
Сөз алған Қошқарата ауылының биі, ардагер-ұстаз Е.Қырықбаев Оралбек Қожамжарұлына ауыл тұрғындарының алғысын жеткізді.
Бұған дейін де жерлестерін түрлі игі істерімен қуантып жүрген  меценат алдағы уақытта да туған жері — Бәйдібекті көркейтіп, дамытуда аянбайтынын жеткізді.
Жарық шамдарының жалпы құны – 245 млн теңге. Көше шамдары 14 функцияны қатар атқара алады. Мәселен, ұялы телефонды қуаттау, wi-fi тарату, көшедегі көлік қозғалысын бейне бақылауға түсіру және т.б. сынды қызметтері бар. Сондай-ақ, тағы бір ерекшелік – бұл көше шамдары қараңғылық пен жарықты автоматты түрде сезініп, күн райына қарай қуат беру мөлшерін өздігінен реттеп отырады. Нәтижесінде 75% энергия қуаты үнемделетін болады.
Кәсіпкердің демеушілігі мұнымен тоқтамақ емес. Дәл қазіргі уақытта О.Ботбайдың жетекшілігімен Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы М.Әуезов көшесінде ұзындығы 3 шақырымнан астам жолдың бойына 77 бағана орнатылып, жарық шамдарының құрылысы жүруде.