АСТАНА ЦИРКІ ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫНА МЕРЕКЕЛІК ҚОЙЫЛЫМ ҰСЫНДЫ

"Елорданың 20 жылдығына арналған іс-шара аясында астаналық цирк Шымкент тұрғындарына мерекелік қойылым ұсынды", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.

Бас қаланың цирк ұжымы «Сүйіспеншілікпен, Астана!» бағдарламасын «Оңтүстік-цирк» аренасында көпшілік назарына ұсынды. Шоу барысында сигвейдегі эквилибристер, күлкілі сайқымазақтар, үйретілген иттер, жолбарыстар, көгершіндер, түрлі сиқыршылар өнер көрсетіп, келген қонақтардың көңілінен шықты. Көрермендер «Баспалдақтағы бірегей теңгерім», «Діңгек», «Көгершіндер феериясы», «Бос сым», «Сиқырлық және иллюзия» және оннан аса авторлық нөмерлерді тамашалады.
Цирк күмбезінің астында екі сағат болған ерекше жанрды Хорлан Жанмырзаева бастап, «Мячики» бағдарламасымен «клоундық дуэт» көптің көңілін көтерді. Отты шоу жасаған Никарагуалық Филипп ван Дейктің экстремалды өнерін әрбір келуші ұйып отырып тамашалап, оған зор ықылас білдірді. Цирк аренасына халық лық толы болды. Мұнда келген жас көрермендер, астаналық циркке жоғары баға берді.
Цирк өнерінің алғаш пайда болуы ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жораларымен және ойын-сауықтарымен тығыз байланысты. Шығыста, соның ішінде Қытайда ертедегі қолөнершілер ескен арқанының үзілмес беріктігін өзгелерге сендіру мақсатымен екі тіреудің ұшар басынан керіліп байланған сол арқанның үстімен өздері әрлі-берлі жүріп көрсеткен. Кәсіби акробаттар, жонглерлер, эквилибристер өнері Ежелгі Грекия мен Римде, Қытай мен Византияда, тағы басқа елдерде кеңінен белгілі болған. Қазақстанда да цирк жоғары деңгейде дамыған.