Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты ішкі орамдық жолдар мен аулалар 10 аумаққа бөлініп, жауапты мамандар санитарлық тазалау жұмыстарын тұрақты түрде қадағалауда. Аталған ауданда бүгінге дейін 15 рет сенбілік ұйымдастырылған. Қала аумағына қосылған елдімекендер бойынша да күл-қоқыс шығару, ирригациялық жүйелерді тазалау, көше бойындағы ағаштарға санитарлық қырқу жұмыстары жүргізіліп, әктеу және жаңа көшеттер егу, қураған шөптерді ору жұмыстары тұрақты түрде атқарылып жатыр. Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев 2017 жылы тұрғындардың 97 пайызы қатты тұрмыстық қалдықты шығару үшін тиісті мекемелермен келісім-шарт жасағанын айтты.
«2018 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз. Дегенмен, ауданда жаңа құрылыс аумағы көп. Жаңадан қосылған аудан тұрғындарын да дер кезінде қала көркін еселеуге шақыратын боламыз. Бір қуантарлығы, 2017 жылы Қаратау ауданынан «Таза қала» байқауына «Үздік аула» номинациясы бойынша – 40, «Үздік көше» бойынша 45 көше қатысса, биылғы байқауға қатысу үшін 45 аула мен 48 көше өтініш білдірді. Бұл қаланың тазалығы мен көріктендіру жұмыстарына шаһар тұрғындарының да ықыласы зор екенін білдіреді», — дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.