«Шымкент қаласына қарасты Абай ауданы «Таза қала» байқауына белсенді қатысып жатыр», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі shymkala.kz порталына сілтеме жасап.
Атап өтсек, Шымкент қаласының 453 көпқабатты тұрғын үйі мен 258 ауласы және 858 көшесі Абай аудандық әкімдігіне қарайды. Мұндағы санитарлық тазалық, күтіп-ұстау жұмыстарына «Спецавтотранспорт» ЖШС, «Бадам Тас» ЖШС, «Ақсемсер» ЖШС, «Айдынбек» ЖШС мекемелері жауапты.
Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш Төле би, Ордабасы, Сайрам аудандарынан қосылған тұрғын алаптарда қатты тұрмыстық қалдықты шығару жұмыстарын түсіндіру жалғасып жатқанын хабарлады.
«Жылжымайтын мүлкін рәсімдеген жекеменшік жер үйлердегі қала тұрғындары келісімшарт жасады. Ал аудан аумағындағы 453 көпқабатты тұрғын үй мен ішкі орамдық көшелердегі қураған талдарды бұтау, аулалардағы жасыл желектерді кесіп, ретке келтіру, шөптерді ору жұмыстарын «Аяулы алақан» ЖШС, «Төле би» ЖШС, «Молшылық-1» ЖШС атқаруда», — дейді Нұрлан Тілеш.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша өтетін «Таза қала» байқауына қатысуға биыл Абай ауданынан 60 көпқабатты тұрғын үй төрайымы және 48 көше төрағасы өтініш білдірген.