ШЫМКЕНТТЕ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДЕГІ ЕККІРГЕН ЖЕДЕЛСАТЫЛАР АУЫСТЫРЫЛУДА

«Шымкентте 188 көпқабатты тұрғын үйде жеделсаты жұмыс істеп тұр. 16 лифт – 12 қабатты үйде, алтауы – 11 қабатты, ал 46-сы 9 қабатты үйде орналасқан», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі shymkala.kz сайтына сілтеме жасап.

Соның ішінде 68 лифт Кеңес үкіметі кезінен келе жатқандықтан, арасында пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткендері бар. ГОСТ 22011-95 талаптарына сәйкес қажетті құрылғының пайдалану мерзімі 25 жылға ғана есептелген. Дегенмен қаладағы лифтілерлің арасында 28-40 жылға дейін пайдаға асып жатқандары кездеседі. Сондай-ақ, 4 үйдегі (Желтоқсан, Ілияев көшелері, Тәуке хан даңғылы, Темірлан тасжолы бойындағы) лифт мүлдем істен шыққан, апатты күйде. Қалған көпқабатты 42 үйдегі лифттер ауыстыруды қажет етеді. Әзірге оның отызы сараптамалық тексеруден өткізіліп, пайдалану мерзімі 3 жылға ұзартылыпты.
– Көрсетілген лифт қондырғыларының 120-ы 2000-жылдардан кейін салынған жаңа көпқабатты үйлер мен тұрғын үй кешендеріне орналастырылған. Оның ішінде 5 лифт қондырғысы – қала әкімінің коммуналдық меншігі болып табылатын Ә.Молдағұлова көшесіндегі №44 үйдегі 3 лифт, Желтоқсан көшесіндегі №8,9 үйлердегі 2 лифт апатты жағдайда болуына байланысты ауыстырылды, – дейді Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Ұлжан Тұрсынбекова.
Тозығы жеткен 68 жеделсатының 21-і «Өңірлерді дамытудың 2012-2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жаңартылған. Мамандар соңғы жылдары елімізде жеделсатыға қатысты туындап жатқан мәселелерден кейін сапаға мән беруді дұрыс санайды. Қазір бұрынғыдай ағаштан жасалған емес, заманауи, берік әрі сапалы материалдардан жасалған лифтілер Беларуссия, Түркиядан жеткізіліп отыр.