Басты бет Мегаполис ШЫМҚАЛАДА АВТОКӨЛІКТЕРГЕ 17-ШІ АЙМАҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ НӨМІРЛЕРІ БЕРІЛЕ БАСТАДЫ
Шымкент қаласындағы автокөлік иелеріне 17 санды мемлекеттік тіркеу нөмірлері беріле бастады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалының өкілдері хабарлады. 17 санды нөмірді алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Оңалбек алды. 26 шілде күні ол өзінің автокөлігін қаладағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдеді.
Жуырда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент республикалық маңызы бар қаланың мәртебесін алып, Түркістан облыстық орталыққа айналғаны белгілі. Осыған байланысты автокөлік құралдарын рәсімдеу тәртібі де өзгерді. Шымкент еліміздің 17-аймағына айналды. Енді Шымкент қаласы тұрғындарының көліктеріне 17 санды мемлекеттік тіркеу нөмірлі белгілер беріледі. Ал Түркістан облысының автокөлік жүргізушілері үшін 13 санды нөмірі өзгеріссіз қалады. Автокөлік құралдарын тіркеуге байланысты мемлекеттік қызметтердің стандартына сәйкес басқа аймақтардың да көлік нөмірлерінде өзгеріс болмайды.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы 8 халыққа қызмет көрсету орталықтарын есепке алғанда күнгейде мемлекеттік корпорацияның 25 фронт-офисі қызмет көрсетеді. Солардың бірі – автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін беру мемелкеттік қызмет түрлерін көрсететін мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы. Бұл орталықтың ғимаратында өңір тұрғындары жүргізуші куәлігін алу үшін нарколог, психиатр анықтамаларын алып, медициналық тексеруден өте алады. Бұдан бөлек көліктерді Түркістан қаласы және Сайрам ауданындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының секторы арқылы тіркеуге болады.
Жалпы, Шымкенттегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жыл басынан бері 25 мыңнан астам азаматқа жүргізуші куәлігі беріліп, 130 мыңнан астам автокөлік тіркелген.