ШЫМКЕНТТЕ 69 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ҒИМАРАТҚА ҚАЙТА ЖӨНДЕУДЕН ӨТПЕКШІ

«Шымкентте 69 жылдық тарихы бар нысанға қайта жан бітпек», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі shymkenttv.kz сайтына сілтеме жасап.

Қошқар ата өзенінің бойындағы бұл нысанның қабырғасы 1949-шы жылы қаланып, халыққа қызмет ете бастаған. Сұрапыл соғыстан есін енді жиған елдің көңілін серпілтіп, сейіл құратын орны болған. Талайдың жастығының куәсі болған мекенді аға буын өкілдері әлі күнге сағынышпен еске алады.
Бұл мейрамхана 70 жылға жуық ғұмырында бірнеше рет жөндеуден өткен.  Десек те нысан сыртындағы ою-өрнектер сол қалпында сақталған. Сонымен қатар, ғимарат ішіндегі таспен өрнектелген алғашқы суреттер әлі де бастапқы қалпында тұр. Қазақылықтың исін  аңқытып салған бұл суреттер сол кездегі дизайнерлердің ерлігі деуге болады. Ресторанды қалпына келтіріп жатқан кәсіпкер бұл өрнектерді сол қалпында қалдыратынын айтты.
«Арал» рестораны тоқырау жылдары — 90-шы жылдарға дейін елге қызмет етті. Егемендік алған жылдары жекенің қолына өтіп, ақырында қараусыз қалған болатын.  Енді 70 жыл өтіп, еліміздегі игі бастамалардың арқасында мейрамханаға қайта жан бітіп отыр.