ШЫМКЕНТТЕГІ 139 КӨШЕ ТҮНГІ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕЛЕРІМЕН ҚАМТЫЛДЫ

«Шымкент қаласының орталық көшелеріндегі, саябақтар мен гүлзарлар бойында жарықшамдар орнату жұмыстары жүйелі атқарылуда. Бүгінде қала бойынша 139 көше түнгі жарықтандыру жүйелерімен қамтылған», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі shymkala.kz сайтына сілтеме жасап.

Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының берген мәліметіне сәйкес, Шымкенттегі 139 орталық көшеде, 8 саябақ, 32 гүлзарда жарықтандыру жүйелері орналасқан.
2016-17 жылдары Тәуке хан даңғылы, Бақбаев, Темірлан тасжолы, Желтоқсан және Бәйтереков көшелерінде жер асты бойынша жарықтандыру желілері жүргізілді. Бүгінде осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Бәйдібек би даңғылы, Темірлан тасжолын (Бейбітшілік көшесінен-Бекжан базарына және Бақбаев көшесінен-«СинОйл» жанармай құю бекетіне дейін) жер асты бойынша жарықтандыру желілерін жүргізу жұмыстары қызған шақ. Жүйелерді күтіп ұстау жұмыстары да назарда тұр.
– Былтыр төрт аудан бойынша 28 көшеде құрылыс жұмыстары басталған еді. 16 көшедегі жұмысты аяқтап, жүйеге қостық. Қалған 12 көше биыл тапсырылады. Мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сол себептен биыл жарықтандырылған көшелерінің саны 28 көшеге ұлғаяды, – дейді тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Н. Бектұрсынов. Жалпы, биылға өтпелі болған құрылыс жұмыстары толығымен тамыз айында аяқталып, жарықтандырылған көше саны 162-ге ұлғаяды. Сонымен қатар, биыл жаңадан қосылған елдімекендердің орталық көшелері мен мектеп, балабақша орналасқан 43 көшені жарықтандыру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 39 көшеде жаңа құрылыс, 4 көшеге қайта құру жұмыстары қарастырылып, бекітілген өндірістік кестеге сәйкес биылғы қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда.