ТҰРСЫНБЕК ҚАБАТОВ ДИРЕКТОР БОЛДЫ

"Астананың 20 жылдығына орай бірінші Комедия театры өз жұмысын бастады", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Астананың мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздегі осындай жалғыз мекеме елорда әкімдігінің қолдауымен қызмет етеді. Театр репертуарында барша әлемге танымал комедиялық спектакльдер болады. Көрермендер оларды қазақ тілінде тамашалайды. Комедия театрының көркемдік жетекшісі белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов. Театр ЭКСПО көрмесі аумағында «Энергия холлында» орналасады және NOMAD CITY HALL деп аталады.
Елордалық Комедия театрының тұсаукесері бүгін жаңа театр ғимаратында баспасөз маслихаты барысында өтті. Оған Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов және астаналық Комедия театрының директоры Тұрсынбек Қабатов қатысты.
Театр базасында барша қазақстандықтар ұнататын «Әзіл әлемі», «Назар аудар», «КТА» ойындары бағдарламалары мен әзілкештердің авторлық өнер көрсетулерінен басқа, мектептер, колледждер ЖОО-лар арасында турнирлер өткізіледі.
Тұрсынбек Қабатов, Астана қалалық комедия театрының директоры:
— Елімізде дарынды жастар көп. Әзіл-қалжың өнері қазаққа жат емес. Бұрын әзіл-сықақ кештерін өткізу үшін зал жалдайтынбыз. Ал енді өз ғимаратымыз бар. Мұның біздің шығармашылығымызға оң әсер етіп, жақын арада көрермендерімізді театр артистерінің орындауындағы әлемге танымал қойылымдарымызбен және премьералармен қуантамыз деп ойлаймын.