ТҮРКІСТАНҒА ӘУЕЖАЙ САЛУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖЕР ТЕЛІМДЕРІНЕ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

"Түркістан облысында жаңа әуежай салу қажеттілігі туындауда. Осыған орай авиация, жол көлік саласына жауапты салалық мекеме өкілдерінің қатысуымен жиын өтті", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің  Түркістан облысына жасаған сапары барысында Түркістанның облыс орталығы болуына байланысты шаһардың көлік инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға ерекше назар аударылды.
Осыған сәйкес, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің, Қазаэронавигация мамандары мен облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, сондай-ақ, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігінің және авиация саласы өкілдерінің қатысуымен басқосу өтті. Кездесуде Түркістан қаласында алдағы уақытта әуежай салуға болатын аймақтардың авиациялық қауіпсіздік пен аэронавигация талаптарына сәйкестігі нақтыланды. Бұдан бөлек, атқарылатын іс-шараларды жоспарлау үшін зерттеу жұмыстарына қатысушылардың барлық ұсыныстары талқыланды.
Айта кетерлігі, Түркістан қаласында жаңа әуежай салу мақсатында қажетті жер телімдеріне зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қаланың бұрынғы әуежайының жай-күйі қаралып, бірнеше нұсқалар талқылануда.