ШЫМКЕНТТЕГІ АЙНАЛМА ЖОЛ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

"Шымкенттегі Алматы күре жолы мен Темірлан тас жолы қиылысындағы  айналма жолдағы құрылыс аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстарына бөлінген қаржының 83 пайызы игерілген. Сондықтан нысан мерзімінен бұрын тамыз айында аяқталады", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтің мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Қазір оң қапталдағы бөлігі мен көпірде  құрылыс қызу жүргізілуде. Құрылысшылар жолдың соңғы қабатын, яғни асфальтті төсеп, тегістеуде. Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов нысандағы атқарылып жатқан жұмыспен танысып шықты.
Құрылыстың барысын қадағалаушы мекеме мамандарына жобаны жіті бақылауды тапсырды. Нысанның төлқұжаты бойынша, жобаның бірінші кезеңі былтыр дәл осы мерзімде бастауын алған. Құны 1 млрд. 737 млн. астам қаржыға бағаланған айналма жолдың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Құрылыс барысында 9 жер телімі мемлекет пайдасына алынған. Сметалық құжатқа сай, нысан биыл қараша айында тапсырылуы тиіс.