ТҮРКІСТАННЫҢ ҚАҚПАСЫНА ТҮРІКШІЛ АҚЫННЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ ТҰРҒЫЗЫЛСА

Adym.kz: Түркістан облысының әкімі, филолог әрі түркітанушы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың назарына! "Түркістан" деп жырлаған Алаш арысы, ақын Мағжан Жұмабаевтың рухына Түркістан қаласының кіреберіс қақпасына еңселі ескерткіш орнатылса деген ұсыныс айтқымыз келеді.

1785

Бүгін қазақтың ғана емес түбі бір түркі жұртының ұлы жыршысына айналған мағаз Мағжан Жұмабаевтың туған күні.
Ақынның түркінің тегі бір тұтастығы мен бірлігін жүрегінен өткізе жырлаған «Алыстағы бауырыма» атты жырын талай түрік азаматтарының рухтана, емірене жатқа соққанын көзіміз көрген.
Кезінде Алаштың арда перзенті Мұстафа Шоқай осы жауһар дүниені «Яш Түркістан» журналында жариялай отырып, мұны «түрікшілдік күреске жырдан тұрғызылған мұнара»,  деп бағалаған еді.
Мамыражай маусым айында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып құрылды. Облыс орталығы – ТҮРКІСТАН қаласы атанды. Ал, облыстың тұңғыш әкімі болып филолог әрі түркітанушы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев тағайындалды.                                       
Міне, осылайша Кеңестік заманда бағынан соры қалың, ұлтына құрбандық үшін туған есіл бабалардың арманы орындалды. Енді, Түркістанның қайта түлеу дәуірі басталмақ.
Бұл әлемдік саясаттағы қайраткер тұлға Нүрсұлтан Назарбаевтың ұлт мүддесі үшін жасаған ең ұтымды саяси шешімі.
Себебі, бұл тарихи оқиға Елбасының «Түркі бірлігі» идеясының нақты бір көрінісі.  Әрі, «Мәңгілік Ел» Ұлттық идеясының құрамдас бір бөлшегі.
Осы орайда қылышынан қан тамған Советтік кезеңде «Түркі» сөзін айтудың өзі қиямет-қайым шақта «Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан — ер түріктің бесігі ғой…»,  деп жырлаған Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың рухына қанша құрмет көрсетсек те көптік етпейді.
Сондықтан, төрт қақпалы Түркістан қаласының қақпасында ұлы ақынның еңселі ескерткіші бой көтерсе құба-құп болар еді.
Айта кетерлігі, 2017 жылы Түркістан қаласында ақынның өз атымен аталатын №15 мектеп-гимназиясының териториясында тастан мүсін орнатылған. Алайда, ақын есімі бір білім ұясының төңірегінде шектеліп қалмауы қажет.
Күні ертең түркінің тал бесігі – Тұран шаһарына келген туристер үшін батыр, ақын, қайраткер бабалардың ерлігі мен өмір жолын танытуға бұл таптырмас  үлгі болар еді…

Adym.kz