Adym.kz: Ұлт пен ұлтты тұтыну және сәндік бұйымдары ғана бір-бірінен айырып тұрғандай. Оған  дәлел ғасырлардан мұра болып жеткен дәстүрлі тұрмыстық бұйымдар.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаһандануға жұтылып бара жатқан жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңірудің жолын көрсетіп берді. Ендігі мақсат соны ұлттық нақышпен жаны мен рухы тәуелсіз жасөскіннің мұратына айналдыру. Анығында, алпыс екі тамырында тулап жатқан қанға бабалардың далалық өмір мектебінің оқу бағдарламасын баппен, байыппен егу болмақ.                                
Шындығында, «Кімсің?», «Тамырың қайда?», «Ныспың кім?», деген сұрақтарға жауап беретін ұлы бағдарламаны Кеңестік қоғамның салқыны соққан жасамысқа емес, өзі де, сөзі де азат ұрпақтың жадына ұялату қажет-ақ.                                                            
Иә, осы ретте шаһарларға қарағанда аудандар мен ауыл-аймақтарда аталған тапсырма шынайы, нақты орындалып  жатқандай.                                                                       
Жуырда қарт Қаратаудың теріскейіндегі Қазақ Хандығының алғашқы астанасы атанған Созаққа барған сапарымызда осыған көзіміз жетті.                                                        
Жартытөбе ауылының тұрғыны Абай Аққұлиевтың қарашаңырағын көріп, өзімізді кішігірім мұражайға еніп кеткендей сезіндік.                                        
Абайдың осы ауылдағы бөбекжайда тәрбиеші болып еңбек ететін аяулы жары Сафура Отарованың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттарын көріп тамсандық.         
Шебердың айтуынша, бұл туындылар аудан мен ауылдағы көрмелерге қойылыпты. Тіпті, балабақшада жас бүлдіршіндерге әжесінен мұра қалған осы қолөнерді көрсетіп, үйретіп те жүр екен.                                                                                                     
Міне, тәрбие басы осылай басталса, ертеңгі ұрпақтың арманы асыл, мұраты биік болмай ма?! Дәстүр сабақтастығы Сафураның  нақты қадамдарымен жалғасын тауып жаңғырып жатқандығына қуандық.

Автор: Нұршат ТӨКЕН
Фото: Мақсат ШАҒЫРБАЕВ