«Көрнекті жазушы  Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының  желісімен түсірілген «Қазақ елі» көпсериялы тарихи-драмалық кинотуындысының жалғасы, яғни ІІ маусымы «Алтын тақ» деген атаумен Оңтүстік Қазақстан облысында таспалануда», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
«Қазақ елі» көпсериялы тарихи-драмалық телевизиялық сериалының алғашқы маусымы «Алмас қылыш» деп аталса, ІІ-маусымы «Алтын тақ» деген атаумен түсіріледі. Туындының Оңтүстіктегі түсірілімі ағымдағы жылдың 25 сәуірінен 4 шілдесіне дейін жалғасады. Түлкібас, Төле би аудандары мен Арыс, Ақсу өзендерінің бойында және Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында «Керей ханның ауылы», «Хан ордасы» сынды декорациялар жасалынады.
Қазіргі таңда Түлкібастағы түсірілім жұмыстарына 600-ге жуық адам қатысуда. Оның  150-і «Қазақфильмнен» болса, қалғаны күнгейдегі театр актерлері мен жергілікті ауыл тұрғындары.
Көпшілік асыға күткен кинотуынды желтоқсан айында толық аяқталып, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында көрерменге ұсынылмақ.
Айта кетерлігі, «Қазақ Елі» көркем сериясының жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қолға алынған болатын. Фильмде Қазақ хандығының қазығын қаққан Керей мен Жәнібек ғұмыр кешкен XV ғасырдағы көшпенді қазақ мәдениеті сипатталады. Алғашқыда фильмнің қоюшы-режиссері Рүстем Әбдірашев тарихи туындының 20 сериясын бірден түсіргісі келген. Алайда қаржылық қиындықтарға қатысты 10 сериясы кейінге қалдырылған.
Еске сала кетсек, «Қазақ елі» кинотуындысының алғашқы 10 сериасы «Алмас қылыш» 2017 жылдың 19 наурызынан бастап телеарналардан көрсетіле бастаған болатын.
Назарларыңызға фотограф Асхат Әссандидің Түлкібастағы түсірілім алаңында объективке  ілінген фото туындыларын ұсынамыз.